Сабақ жоспары
Күні: 28.01.2014 Сынып: 9а
Сабақтың тақырыбы: Ар-ұждан – адамдық өлшемі
Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік- адам бойындағы жақсы қасиеттермен танысу,ар-намыс, қадір-қасиет, адамгершілік, адамдық сөздерінің мағынасын тереңірек түсіну.
2. Дамытушылық- тіл байлықтарын, шығармашылық қабілеттерін, ізденімпаздық деңгейлерін дамыту.
3. Тәрбиелік- адамгершілікке, ұқыптылыққа, сауаттылыққа, тәрбиелеу.
Әдісі: түсіндіру, талдау, пікірлесу, ой қозғау, баяндау, сұрақ-жауап, ой жинақтау.
Түрі: ауызша сабақ
Көрнекілігі: тірек сызбалар, сөзжұмбақ.
Пән аралық байланыс: қазақ әдебиеті, қазақ тілі.
Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру кезеңі: - оқушылармен амандасу; - оқушыларды түгелдеу; - оқушылардың назарын жаңа сабаққа аудару;
II. Үй тапсырмасын тексеру: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы
III. Жаңа сабақ: Ар-намыс –азаматтың немесе заңды тұлғаның қоғамдағы қатынасын анықтайтын және жеке тұлғаға берілетін әділ баға, бұл моральдік және тағыда басқа қасиеттеріне берілетін әлеуметтік баға Ар-ұждан — моральдық сана-сезім ұғымы әрі этика категориясы: жеке адамның өзінің қоғамдағы маңызын сезінуін және қоғамның осы маңыздылықты тану сәттерін қамтиды. Өзінің мазмұны және өзіңде көрініс табатын моральдық көзқарастың табиғаты жөнінен Ар-ұждан ұғымы "намыс" ұғымымен теңдес. Ар-намыс пен қадір-қасиет бір – бірімен тығыз байланысты, олардың негізінде адамгершілік критериясының бірлігі жатыр. Қоғамдық баға мен өзін-өзі бағалаудың тығыз байланыстығына қарамастан ар-намыс пен қадір-қасиеттің өзара айырмашылығы бар. Ол айырмашылық мұнда, ар-намыс –қоғамның әділ және дұрыс беретін бағасы, ал қадір-қасиет алдынғы қатарда-субъекті жағдай, ол өзін-өзі бағалау. Осыдан мұндай қорытынды жасауға болады, адамның қадір-қасиеті оның белгілі бір тәрбиесіне, ішкі рухани дүниесіне, психологиялық жиынтығының ерекшеліктеріне тәуелді болады. Ар - намыс пен қадыр - қасиетті сақтау кісілік өлшемі ретінде адамзатпен бірге жасасып келе жатыр деуге болады. Қазақ халқы да ұятты, арлы, намысшыл болуға ұмтылған, жастарын сол бағытта тәрбиелеген. « Ұят кетсе – арға кір жұғады», « Малым- жанымның садағасы, жаным -арымның садағасы » деген мақалдар халықтық қағидаға айналғаны соны көрсетсе керек. Десек те, сол асыл қасиеттерді қадірлеу, қорғау әр халықта әр түрлі . Қазақтын дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары тек өзіне ғана тән түсініктер мен танымдарды, заңдар мен ережелерді иемденеді. Сөйтіп, өмір сүру, тіршілік ету дағдысына айналдырады. «Ар» ұғымынан кейін тұрмыстық қана емес , нормативтік маңызы бар «Ұят», мысалға қазақ мақалдарын алсақ «Өлімнен ұят күшті»,«Бар барын жейді, ұятсыз арын жейді» делінген.Әр-біржеке тұлға ар-намыс, қадір-қасиет құндылықтары тән. Ар-намыс және қадір-қасиет категориялары адамды қоғамдық жоғары құндылық ретінде анықайды .Ар-намыс, қадір-қасиет ұғымының мазмұны өте бай және кең. Олардың құлықтық сана саласында ( сезім, түсінік ретінде ) және этика саласында ( моральдық категория ретінде) қарастыруға болады . Ар- намыс , қадір –қасиет ұғымы барлық қоғамдық экономикалық- формацияларға, түрлі ұлттар мен ұлыстарға тән болғанымен, оған әрбір ұлт, әрбір мемлекет өзінің ұлттық ерекшілігі, тарихи дәстүрлері негізінде қарайды . Біздің халқымыз да бай тарихи тәжірибесін, өзіндік ерекшілігі мол салт- дәстүрін ескеру қажет болғандықтан, бұрынғы дәуірлердегі құқықтықжүйедегі нормалардың пайдалысын, озығын анықтау әрі кәдеге жарату мәселесі үнемі ойда тұруы тиіс деп есептейміз. Өркениетті мемлекеттердің ілгерішіл деп танылған құқықтық үлгілерінен үйренудің артығы жоқ.Адам туған халқының ар-намыс пен қадір қасиетті бәріненде биік қоятын жақсы дәстүрін қорғай білгендігі. Ар-намыс және қадір-қасиет сөздерінің мағынасы белгілі бір бағыттан тұрады. Олардың объектісі ең алдымен адам немесе бір топ адам, немесе ұжым, немесе үлкен мағынада қарастырғанда ұлт намысы болып табылады. Ар-намыс және қадір-қасиет сезімдерін ұғыну керек, өйткені ар-намыс сөзінің мағынасын түсіндірген кезде ар-намыс сезімі адамның жеке қадір-қасиеті санасымен шектеледі. Адамның ар-намыс, қадір-қасиеті сезімі мен санасы бір — бірімен біріккен, бірақ оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ар-намыс сөзінің мағынасын ашқан кезде екі тұрғыдағы айырмашылық байқалады. Олар жеке және объективтік пен субъективтік тұрғы. Ар-намыс – бұл қоғамдағы адамның орны мен оған берілетін жалпы бағасы және өзінің қадір-қасиетін сақтап қалуға ұмтылу болып табылады. Оның мазмұны әлеуметтік болады, яғни, жеке тұлғасына тәуелді емес, сонымен қатар ол адамгершілік принциптеріне жатады. Ең алдымен ар-намыс адамның қоғамнан жеке тұлғаға бағытталғандағы баға беретін категориясы болады . Субъективтік, жеке жағынан қарағанда адамның өз істеріне баға беру қабілеті, сол қоғамдағы арсыздық деп саналатын өзіндегі өзімшілдік, өнегесіз қасиеттерге тырысуы мен ниеттенуіне басымшылық жасау, қоғамдағы қабылданған моралдік ережелерге сәйкес іс-әрекет жасау қабілетінде байқалады.Ар-намыстың жеке жағы әрқашанда әлеуметтік жағымен бірге жүреді, себебі адам қоршаған ортаның пікірінен бас тарта алмайды және соңында оған бағынып, осының барлығы үлкен әсер етеді.Қоғамдық пікірдің рөлі өте зор, сондықтан барлық қоғамдық пікірдің күші әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік және саяси қайраткерлердің, келіп, кетіп отыратын саяси партиялары мен саяси қозғалыстарда болады.Олардың әсерінен кез келген қоғамдық тіршілік әрекетіндегі өмірлік маңызды өрістерінде өзгерістер болуы мүмкін.Әрбір адам өзінің жасаған әрекеттері туралы айтылатын басқа адамдардың пікірімен келісуге тура келеді. Ол бастапқы таңдау бостандығына бағына алмайды.Адамның әрекеті мен тәртібіне берген қоғамның жақсы бағасы, оны қоршаған ортанын алдында мерейін өсіріп, ар — намыс сезіміне жақсы әсер етіп, оның алдағы адамгершілік жетілдіруіне күш береді. Кейбір әртүрлі нәтиже нашар бағаға алып келуі мүмкін. Мұнда кейбір жағдайда адамдар өз қателер және кемшіліктерін түзетуге тырысады, ал басқа жағдайларда оларыды жетілдірей түседі. Сондықтан қоғамның беретін бағасы дұрыс және әділ болу керек.Ар — намыс тарихи категория болып табылады, ол адам қоғамымен бірге пайда болған, сондықтан да бұл адамгершілік категорияны қазіргі жеке тұлға да, қоғам да өзгерте де, жоя да алмайды. Демек, адам ұжымы болған уақытта, сол ұжымның жеке мүшелері қоршаған адамдардың белгілі бір сынына ұшырайды. Қоғамның беретін бағасы сынға түсетін адамның жігері мен қалауына байланысты емес. Ар-намыс сөзінің мағынасының негізінде адамгершілік белгілері жатыр. Соған байланысты ар категориясында әділ күш басымырақ болады. Бірақ қоғамның біреуге беретін бағасының қалыптасуы мүмкіндігі дұрыс емес деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, ар-намыс басқа адамдардың санасы арқылы көрсетілетін жеке тұлғаның қадір-қасиеті, қоғамның беретін бағасы, адамның дұрыс абыройы. Қоғамдағы адамның әлеуметтік бағасы деп саналатын ар -намысымен бірге қадір-қасиеті категориясы бар. Қадір-қасиеті – бұл жеке тұлғаның қоғам бағасы негізінде берілетін өзін-өзі бағалауы. Ар –намыс пен қадір-қасиетінің арасындағы байланыс түсінікті және орынды, себебі адам қандай да ұжым да болсын, қоғамда болсын оған беретін баға туралы ол өз ойын айта алмайды. Сол қоғамның бағасы бойынша адамның санасында өзі туралы ой қалыптасады және сол ұжымдағы, қоғамдағы орны байқалып, ұжымда, жалпы қоғамда сол адамның орны қаншалықта манызды екенін көруге болады.
Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан.
Анық төмен болмай ма хайуаннан?
Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан. Шәкәрім Құдайбердиев.
Ар-ұятың тұрса бойда жаңғырып,
Бұл парасат - әдептiге тән қылық.
Болу керек қасиеттi ұстаным...
Ар мен ұят әр жүректе мәңгiлiк...
Намыс (абырой) адамның ақыл ойының ішіндегі ең негізгісі.
Бұл адамның ішкі дүниесінің абыройы, даңқы, адалдығы, жанның мейрімділігі және ардың тазалығы.
Біздің намысымыз, ол жаманды жақсартып, жақсыны одан әрі қарай жетілдіру болып табылады. ПЛАТОН Ел қызығын көрмесе,
Іште жатқан алтыннан не пайда ?
Ұят, арың болмаса,
Ақылыңның көптігінен не пайда ? Саққұлақ би
ІV. Сабақты бекіту. Адамның асыраушысы – ар-намысы әңгімесін оқып, талдау, пікірлесу Адамның асыраушысы – ар-намысы Қыс. Орталық көк базардағы киім-кешек бөлімінің жанында көлік күтіп тұрғам. Кішкентай баласын алдына алып, қайыр сұрап отырған толықша әйелге көзім түсті. Қолындағысы қыз бала екен, шамамен бір жарым жаста. Үстіндегі киімі тым жұқа әрі жұпыны. Қолындағы печеньесін бір тістеп, артынан кеседегі шайдан бір жұтады. Әбден тоңған – саусақтары дірдектеп тұр. Пысылдаған мұрнын қайта-қайта тартып қояды. Анасына тыным бермей, қыңқылдағанына қарағанда қарбалас көшеде мазасы кетіп-ақ тұр. Аяныш сезімі шыдатпады. Әйелден барып жөн сұрадым. Аты-жөні Гүлден Қойшыбаева екен, өзі Тараз қаласындағы Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйіңде тәрбиеленіпті. Үш ұл-қызы бар. Үлкені – кемтар болып туылған ұл бала, жасы он бірде. Қазір Тараз қаласы «Аса» шағын ауданындағы арнайы мектеп-интернатта жатып оқиды екен. Екіншісі - Гүлбаршын Қойшыбаева туылғанынан мемлекет қамқорлығында, яғни перзентханадан бірден бөбектер үйіне, содан 6 жасқа келгенде «Ұлан» балалар үйіне тапсырылған. Ал кішісі – қолындағы Аружан. Әйел базарға жақын маңда тәулігіне 400 теңге төлеп пәтер жалдап тұрамын деді. Үлкен ұлдың әкесі Жалпақтөбе ауылыныкі екен. Ол қайтыс болған соң туыстары ауру баламен қуып жіберген көрінеді. Кейіннен екінші рет тұрмыс құрған. Одан екі қыз. Кенжесіне тіпті, құжат та алмапты. - Күйеуім ішкілікке салынып кетті. Содан бері осылай қайыр сұрап күн көрем. Күніне 3 сағат отырсам, 1000 теңгедей табам. Оның 400-і пәтерақыға, ал қалғаны күнделікті азық-түлікке кетеді. Балаларыма киім алмаймын, әйтеуір былайғы құдайға қараған жұрт ескі-құсқысын әкеліп, беріп кетеді. Үлкен ұлымның дәрі-дәрмегіне де ақша тауып беруім керек, - деп мұңын шақты Гүлден. Әрине, оны «асырай алмайтының бар - баланы туып нең бар», - деп жазғыруға да болар еді. Бірақ кімнің де өз тағдыры бар... Мекен-жайын сұрап алып, үйіне қайтуын өтіндім. Өйткені кішкентай Аружан бұл кезде мүлдем тоңып қалған еді... Екі күннен соң оны айтылған мекен-жай бойынша іздеп бардым. Алайда, Гүлден апайымыз мені алдап соққанға ұқсайды. Ол берген мекен-жайда азық-түлік дүкені орналасқан екен. Бір іліктің ұшы осында шығар деп «Ұлан» балалар үйінің есігін қақтым. Гүлбаршын дегеніміз анасынан аумайтын 9 жасар сүп-сүйкімді қыз болып шықты. Ол жөнінде анасы бізге жалған айтпапты. Жас қыздың көздері ойлы, сөзі салмақты. Анасын іздемейді. Бірақ бір өкініштісі - өзімен бірге туған ағасы мен сіңлісі бар екенін білмейді екен. Естігенде таңданып отырып қалды. Балалар үйі басшылығының сөзінен білгеніміз – Гүлден Қойшыбаева көптен бері іздеуде жүр екен. Оны қызы Гүлбаршынға қатысты аналық құқығынан айыру үшін ішкі істер органдары іздестіріп жатқан көрінеді. Іштен шыққан баласын мүлдем іздеп келмейді. Ал, тағы бір қызының бар екенін мұндағылар білмейтін болып шықты. Сонда ол әлгі кенжесін үлкенін өткізгендей неге бөбектер үйіне тапсырмаған? Ойым осы сұраққа тірелгенде, бір нәрсеге көзім анық жетті. Өз сөзінде екі жылдан бері көшеде қайыр сұрап, күн көремін деп еді. Енді түсінікті болды. Яғни, бөпесін көлденең ұстап күн көріп жүр. Тапқан айласы – өткен-кеткендер қолында кішкентай баласы бар, өзі қазақ әйелі болған соң жандары ашып, тиын-тебенді көбірек тастайды. Сол үшін де бауыр еті – баласын аяусыз аяз бен суықта тоңдырып, ми қайнатар ыстықтарда шақырайған күнге қақтап отыр. Перзентіне деген аналық теңдесі жоқ аяушылық сезімі қайда? Нан тапқысы келсе, баласын уақытша «Үміт» бөбектер үйіне өткізіп, өзі жұмыс істемей ме? Ол сұрақты өзіне де қойдым, ол бұған «менің құжаттарым жоқ, бір жерге жұмысқа орналасу үшін жеке куәлік сұрайды» деп жауап берді. Бірақ соның алдында ғана бір сөзінде күйеуі өлген соң, асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алатынын айтып қалған болатын. Сонда құжаты жоқ екен, жәрдемақыны қалай алып жүр? Әйелге ішім жылымаса да, өзім де ана болған соң саусақтары дірдектеп, ызғарға тоңып, жылап тұрған жас баланы аядым. Сол бір суықтан мазасы қашқан бейкүнә бейнесі көз алдымнан кетпейді. Гүлден апай тағы қай жерде сәбиін жауратып, қолын жайып тұр екен деп үнемі ойлайтын болдым. Үш күн бойы базар маңындағы оны алғаш жолықтырған жерімді барып көріп қайттым – таппадым. Бір барғанымда сол жерде отыратын сыған әйелдерден сұрап ем, «бағана менен бұрын осында отырған, сосын орнын маған босатып беріп кетті» деді...Күн жылынғалы мен оны қайта кездестірдім. Бұрынғы орнынан. Мені есінде сақтап қалғанға ұқсайды, көзіме тіке қарамайды. Алыстан байқап, тез арада қызын арбасына салып, көзден ғайып болды. Сырым ашылып қалды дегені шығар. Өзінше қымсынғаны. Олай болмауы да мүмкін. Сөзден қашар. Болмаса онда қайдағы қымсыну, қайдағы ұят.Бұл, әрине, қоғамға ой салатын құбылыс. Алайда, қандай да болмасын сыйықсыз құбылыстарды қоғамға арта салуға болмайды. Қоғамға мүше әркімнің жеке жауапкершілігі деген бар. Соның ішінде аталық борыш, аналық парыздың орны ерекше. Дүниеге ұрпақ әкелген екенсің – бағып-қақ, өсір. Кісілік, ар-намыс жолымен.Қол-аяғы бүтін, дені сау, кәрілік жасқа жетпегендердің қайыршыға айналуының әлеуметтік себебі неде? Мысалы, осы кісінің? Мұның әлеуметтік себебінің бір парасы – кейбір ер-азаматтардың ессіздігі, майдалығы. Ер-азаматының мұраты – әйелді қаңғытпау, баланы жылатпау, яғни «қара қазан, сары баланың қамы» болған қазақтың ұрпағы емес пе едік. Сонда бүгінде сөз болып отырған пәле қанат жайып кетпес үшін не істеу керек? Әдеттегідей бәрін мемлекеттің арқасына таңа салу керек пе, жоқ масылдықпен күн көрудің жолына түскен келеңсіз құбылыстың жолын кесу үшін баршамыз болып бір-біріміздің ар-ұятымызды оятуымыз қажет пе? Адамды өзгенің аяушылығы асырамайды. Адамды өзінің ар-намысы асырайды. Соның ішінде Ананың ар-намысы – жөні бөлек әңгіме. Ар-намыстың ар жағында адалынан сүт емген, адал еңбекті арман еткен мұрат жатыр.Бұл ер-азаматқа да сын. Қазақ әйелді бағып-қағамын деп алған, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырамын деп ғұмыр кешкен. Қатының қайыршы, ұрпағың сол қайыршының қолжаулығы болса, сенің өміріңнің не мәні бар... Айтылып отырғандардың айналасында өзге де ой қозғар қандай пікірлеріңіз бар, достар?
Қорытындылау: сұрақ – жауап, өткен тақырып бойынша сөзжұмбақ шешу
— Нені ұқтық?
— Нені білдік?
— Қандай болу керекпіз? Сөзжұмбақ (мақал-мәтелдер)
1. Мал сақтама, ар сақта. 2. Ерді намыс өлтірер, қоянды қамыс өлтірер. 3. Жарлы болсаң да арлы бол. 4. Жаным арымның садағасы 5. Ер мойнында қыл арқан шірімес. 6. Атты қамшы айдайды, ерді намыс айдайды. 7. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер.
Бағалау: сабаққа қатысқан оқушыларды бағалау.
Үй тапсырмасы: Ар-ұждан – адамдық өлшемі тақырыбында бес жолды өлең және эссе жазу.